Арыстағы әскери бөлімде жарылыс болды

Түркістан облысының Арыс қаласындағы әскери бөлімдердің бірінің аумағында жарылыс болды. Оқиға 19 тамыз күні кешкі сағат 19:00 шамасында болған деп хабарлайды Altyn-orda.kz
Шымкент гарнизоны баспасөз қызметінің мәліметінше, әскери бөлімнің техникалық аумағында алдымен құрғақ шөп тұтанған. Өрт кезінде жоюға алдын ала дайындалған оқ-дәрі фрагменті жарылып, қатты дүмпу естілген.
Қорғаныс министрлігі оқиға салдарынан зардап шеккендер жоқ екенін хабарлады. Ғимараттар мен басқа да нысандарға зақым келмеген.
Өрт ошағы толық сөндіріліп, жағдай бақылауға алынған. Қазіргі уақытта оқиға орнында тиісті қызметтер жұмыс істеп жатыр.
Айта кетейік, Арыс қаласы бұған дейін де әскери оқ-дәрілерге байланысты ірі төтенше жағдайларды бастан өткерген. 2019 жылғы маусымда қаладағы әскери қоймада болған жойқын жарылыстар ел көлемінде үлкен резонанс тудырған еді.










