Арман Шораев әлеуметтік желідегі жазбасы үшін 20 тәулікке қамалды

Қоғам белсендісі әрі журналист Арман Шораев 20 тәулікке әкімшілік қамауға алынды. Бұл туралы Ақмола облысының полиция департаменті хабарлады.

Полиция мәліметінше, әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг барысында балағат сөздер қолданылған жарияланым анықталған. Осы дерек бойынша Арман Шораевқа қатысты әкімшілік материал толтырылып, іс сотқа жолданған.

Сот шешімімен Шораевқа 20 тәулікке әкімшілік қамау жазасы тағайындалды.

Құқық қорғау органдары нақты қай жазба әкімшілік жауапкершілікке негіз болғанын және онда қандай сөздер қолданылғанын егжей-тегжейлі жариялаған жоқ.

Ақмола облысының полиция департаменті әлеуметтік желілерде заңға қайшы контент жариялағаны үшін қолданыстағы заңнамада жауапкершілік қарастырылғанын еске салды.

Айта кетейік, Арман Шораев қоғамдағы және саяси мәселелерге қатысты әлеуметтік желілерде жиі пікір білдіретін қоғам белсенділерінің бірі.