Қазақстан физикадан әлем чемпионы атанды: бес оқушының бесеуі де алтын алды

Қазақстан құрамасы физикадан 56-шы Халықаралық олимпиадада (IPhO-2026) тарихи жетістікке жетіп, жалпыкомандалық есепте абсолютті чемпион атанды. Ұлттық құрама сапындағы бес оқушының барлығы алтын медаль жеңіп алды. Бұл – Қазақстанның аталған олимпиадаға қатысу тарихындағы ең үздік нәтиже.

Беделді білім додасы 2026 жылғы 4–12 шілде аралығында Колумбияның Букараманга қаласында өтті. Олимпиадаға әлемнің 85 елінен 381 оқушы қатысып, теориялық және эксперименттік кезеңдерде күрделі физикалық есептерді шешті.

Қазақстан тарихындағы рекорд

Бұған дейін Қазақстан құрамасы халықаралық физика олимпиадасында мұндай нәтижеге қол жеткізбеген. 2025 жылы қазақстандық оқушылар екі күміс және үш қола медаль иеленсе, биыл команданың барлық бес мүшесі алтыннан алқа тақты.

Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, бұл жеңіске ұлттық құрама бірнеше жыл бойы   дайындалған.

Оқушыларды мектеп мұғалімдері, ұлттық жаттықтырушылар мен халықаралық олимпиадалардың бұрынғы жүлдегерлері дайындаған.

Құрама дайындығына әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың аға оқытушысы, PhD Гулия Нұрбакова жетекшілік етті.

Ал халықаралық олимпиада кезінде команданың жұмысын SDU аға оқытушысы Самат Мақсұтов пен халықаралық олимпиада жүлдегері Әлішер Еркебаев үйлестірді.

Қазақстан құрамасының алтын жүлдегерлері арасында Астанадағы NIS оқушылары Әмірбек Азатбеков пен Дамир Құрман да бар.

Әлемнің үздіктерін басып озды

Халықаралық физика олимпиадасы 1967 жылдан бері өткізіліп келеді және мектеп оқушылары арасындағы ең беделді ғылыми жарыстардың бірі  болып саналады. 

Қазақстан бұл додаға 1997 жылдан бері қатысып келеді.

2026 жылғы нәтиже Қазақстанның физика және жаратылыстану ғылымдары саласындағы білім деңгейінің өскенін көрсетті. Бес қатысушының бесеуінің де алтын медаль алуы – ұлттық құраманы әлемдегі ең мықты командалардың қатарына шығарған тарихи көрсеткіш.

Қазақстан – физикадан әлемнің абсолютті чемпионы. Бес оқушы – бес алтын медаль.