АЛТЫНОРДА
Басты жаңалықтарСаясат

Әлемге әйгілі ITмаманы Алекс Машрабов Ресей азаматтығынан бас тартып, Қазақстан төлқұжатын алды

Әлемдік IT-индустрияда танылған кәсіпкер, жасанды интеллект саласындағы Higgsfield компаниясының тең құрылтайшысы Алекс Машрабов Қазақстан азаматтығын алды. Ол Қазақстан төлқұжатын алу үшін Ресей азаматтығынан бас тартқан. Бұл туралы Altyn-Orda.kz хабарлайды.

Бұл жаңалықты премьер-министрдің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев жариялады. Министр әлеуметтік желідегі парақшасында Алекс Машрабовпен бірге түскен суретін жариялап, оған Қазақстан азаматының төлқұжатын өзі табыстағанын хабарлады.

Министрдің айтуынша, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2026 жылғы 30 қазанда Машрабовқа Қазақстан азаматтығын беру туралы тиісті Жарлыққа қол қойған.

Жаслан Мәдиев Қазақстан жасанды интеллект саласын дамытуға және халықаралық деңгейдегі талантты мамандарды қолдауға ерекше көңіл бөліп отырғанын атап өтті. Оның пікірінше, болашақ технологияларын жасап жүрген кәсіпкерлердің өз жоспарларын Қазақстанмен байланыстыруы елдің технологиялық әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді.

Министр Higgsfield командасына да алғыс білдіріп, компания өнімін әлемдік нарықта сұранысқа ие экспорттық технологиялық жоба деп атады. Оның мәліметінше, платформаны бүкіл әлем бойынша 40 миллионнан астам адам пайдаланады.