Жаңаөзенде құны 1 млрд теңгеден асатын кәсіпорын мемлекетке қайтарылды
2019 жылы қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу және көму комбинаты «Тазалық-С» ЖШС сенімгерлік басқаруына берілген, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Жаңаөзен қаласының прокуратурасы анықтағандай, ЖШС оған комбинатты беруге негіз болған міндеттемелерін орындамаған.
“Атап айтқанда, комбинат арнайы техниканың жеткілікті санымен қамтамасыз етілмеген, қатты-тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу өндірісі кеңейтілмеген, полимерлі құбырлар өндірісі іске асырылмаған. Прокуратураның қадағалау актісі бойынша Жаңаөзен қаласының әкімдігі мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына сенімгерлік шартты тоқтата тұру туралы талап арыз беріп, ол толығымен қанағаттандырылған. Апелляциялық саты жоғарыда аталған сот шешімін өзгеріссіз қалдырды”, – деп мәлім етті прокуратура.
Нәтижесінде баланстық құны 1 млрд теңгеден асатын мүліктік кешен жергілікті атқарушы органның коммуналдық меншігіне қайтарылды.
Айта кетейік, бұдан бұрын Ақмола облысында құны 120 млн теңгеден асатын жер мемлекетке қайтарылған.