“Әруақ дауы” халықты екіге бөлді
Осыдан екі күн бұрын белгілі айтыскер ақын Балғынбек Имашев: «Әруаққа сену – шариғатқа қайшы емес деген мүфти қызметінен кетсін!» деп дабыл қаққан болатын.
Оған дін тізгінін қолына алған Наурызбай Тағанұлының “Аруақ қолдасын” деген түсінікке қатысты екі түрлі пікір білдіргені себеп болды.
Қазіргі діни жағдайларға байланысты жақ ашпау күнә болатыны анық. Әуелде эмоцияға салынып, артық айтып қоймау үшін үндемей, әліптің артын бақтым. Бірақ, біздің қоғам Бас Мүфтидің айыбын ашып айту былай тұрсын, молда біткен ақтап әлек. Әуелде бұл сөз шариғат шеңберіне сыймайтынын айтты. Кейін “дінімізде оған негіз бар, шариғатқа қайшы емес”. Алланың қаһарына ұшырататын сөз. Өйткені, Алланың кешірмейтін күнәсі ол — Аллаға Серік қосу, деп жазған еді айтыскер ақын Instagram парақшасында.
Ақынның бұл сөзін қолдаушылар да, қарсы пікір білдірушілер де табылды.
“БАЛҒЫНБЕК ИМАШЕВ ДІН МАМАНЫ ЕМЕС”
Журналист, блогер Бауыржан Карипов бұл дау жөнінде өз пікірін қоса кетті.
“Балғынбек Имашев дін маманы емес, я дінтанушы емес. Мүфтидің қызметінен кетуді талап етуге оның қандай құқығы бар?”, деді блогер.
Әруаққа қарсы ақынды қолдамайтындардың қатарында Qazaq club мүшелері де бар.
Балғынбек Бас мүфтидің сөзіне қарсы шығыпты. Ақын басымен қазақтың дәстүрлі Әруақ ұғымының мәнін ұқпаған соң қиын екен, деп жазды олар.
Сондай-ақ, олар“Әруақ деген не?” деген сауалға жауап бере кетті.
Әруақ деген адам рухы дейміз. Бірақ кез — келген адам қазақ ұғымында Әруақ бола алмайды. Әруақ деген тазалық. Әрекет, ұстаным, бітім-болмыстың пәктігі, адалдығы. Мысалы, ұры, жемқор тб адам әруаққа айналмайды. Кез-келген адам әруаққа айналмайды. Ел үшін, жер үшін күрескен, ұлт үшін аттан түспеген,сол күресте шейіт болған азаматтар Әруақ.
Ертеңгі күні ұрпағыңыз, ел-жұрт «Ата-баба әруағы қолдасын» — деп, сізді еске алсын десеңіз бұл өмірде абыройлы боп, ел-жұрттың қажетіне жарағаныңыз керек. Бұқар, Абылай, Төле, Қазыбек, Әйтеке тб әруақ па? Бұлар Әруақ”,- деді Qazaq club мүшелері.
Айта кетейік, Qazaq club мүшелерінің төрағасы — Темірғали Көкетай.
«ОЛАЙ ІРІТКІ САЛМАҢЫЗ»
Мұндай пікірлерден кейін Балғынбек Имашев үндемей қалмады. Ойын өлеңмен жеткізіп, желідегі парақшасына бас мүфтидің видеосын “Аллахқа серік қосуға шақыруда” деп жариялап қойды.
“Ықыласпен Раббыңа бекінбек бар,
Хаққа құлмыз — одан зор не құрмет бар
Кәлимада рухани екі нұр бар,
Соған қарсы шайтани екі індет бар.
Бірі — Ықылас, екінші нұрың — Сүннет,
Бізді нұрсыз адассын, сүрінсін деп.
Ең сұрқия әдісі Әзәзілдің,
Аллаға Серік қосу — бірінші Індет.
Әр амалда Алланы бірлеу керек,
Серік қосу — шығарар діннен бөлек.
Серік қосу түгілі амалыңа,
Рия менен мақтан да кірмеу керек”, — делінген өлеңнін үзіндісінде.
Дегенмен, ақынның жазбасының астындағы пікірлердің біразы бас мүфтидің сөзімен келісетінін жасырмады.
“Бас мүфти дұрыс айтады. Ата-баба жолын білген кісі екен. Әруақ деп жауға шауып, әруақ деп өткен қазақ ата-бабадан жайылған ұлт емеспіз бе?”, “Бас мүфти — бас имам. Ол кісі де оқыған, тоқыған. Олай іріткі салмаңыз”, деген пікірлер көп кездеседі.