Мәскеудегі жарылыс: Ресей билігі ұшқышсыз аппаратпен шабуыл жасалғанын мәлімдеді (видео)

Мәскеу мэрі Сергей Собянин тағы да ұшқышсыз аппаратпен шабуыл жасалғаны туралы мәлімдеді. Желіде Мәскеу қаласындағы жарылыстардың кадрлары жарияланды. Бұл оқиғаға Ресей Федерациясының Қорғаныс министрлігі түсініктеме берді

. Қала мэрі өзінің ресми Telegram-каналында Мәскеуге ұшқышсыз аппаратпен шабуыл жасалғанын хабарлады. «Қаланың екі кеңсе мұнарасының қасбеттері аздап бүлінген. Қаза тапқандар мен зардап шеккендер жоқ», — деп жазды Собянин.

Билік бұл шабуылға Украина тарабын айыптады. Ресей Қорғаныс министрлігіне сілтеме жасаған РИА Новости агенттігінің хабарлауынша, Мәскеуге үш ұшқышсыз аппаратпен шабуыл жасалған – бір ұшқышсыз аппарат әуе қорғанысының көмегімен атып түсірілген, екеуі радиоэлектронды тойтарыс беру күшімен басылған.

Басылымның құзырлы мекемеге сілтеме жасап жария еткен мәліметінше, атып түсірілген ұшқышсыз аппарат Мәскеу облысының Одинцово ауданына құлаған. Тағы екі ұшқышсыз аппарат тойтарыс берілгеннен кейін «Мәскеу-Сити» кешенінің аумағына құлаған.

РБК хабарлауынша, ұшқышсыз аппараттардың шабуылына байланысты Внуково әуежайы жұмысын тоқтатқан. Мәскеу аймағында әуеде кез келген ұшақтың болуына уақытша шектеу енгізілді. Басылым тілшілерінің хабарлауынша, қазіргі уақытта авиациялық қызметтер Внуково әуежайында рейстердің қайта жанданғанын хабарлады.

Желіде Мәскеу-Ситидегі жарылыстар мен зақымдалған ғимараттың кадрлары жариялануда. Украина тарабы бұл оқиғаға қатысты әзірге түсініктеме берген жоқ.

 

 

kaz.nur.kz