«Үмітімізді үзген едік»: Әнші Алтынай Жорабаева жүкті екенін айтып, сүйінші сұрады
Белгілі әнші Алтынай Жорабаева әлеуметтік желідегі парақшасында жүкті екенін айтып, қуанышымен бөлісті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
“Алланың қалуымен, сіздердің ақ тілектеріңізбен, әке-анам, ата-енем, бауырларым, қыздарым мен Алишер екеуіміздің дұғамызбен Алла тағалам сәби сүюді нәсіп еткелі жатыр екен. Алишердің қуанғаннан төбесі көкке бір елі ғана жетпей қалды. Негізі 3 жылдай қатты үміттендік. Содан былтырдан бері үмітімізді үзген едік. Себебі жас та келіп қалды дегендей…”, – деп жазды Алтынай Жорабаева.
Әнші күйеуі перзент сүймей қалады деп қатты алаңдаған.
“Мені қоя берші, “Алишерге Алла бір бала берсе екен” деп қатты уайымдадым. Сонда Алишер: “Жаным-ау , уайымдама, бәрі Алланың қалауымен болады. Мен ертең Алланың алдына барғанда, “неге балаң болмады” деп сұралмаймын. Мен қыздарға қандай әке, саған қандай жар болғаным үшін сұраламын. Сондықтан Алла бізге ненің қайырлы екенін бізден жақсы біледі” деген соң, менің де уайымым басылды. Шынында да, Алланың өз есебі бар екен ғой. Аллама сансыз шүкірлер”, – дейді әнші.
Алтынай Жорабаева төрт қыздан кейін ұл баланың дүниеге келгенін қалайды.
“Айтпақшы, бәрібір мен пендешілікпен ұл болса деп қоямын. Ал Алишер: “Ұл ма, қыз ба, маған бәрібір. Ең бастысы сендей жаннан перзент сүйсем бақыттымын” дейді. Ақ тілектеріңіз өздеріңізге еселеп қайтсын”, – деп жазды өнер иесі.
Қуанышты жаңалықтан хабардар болған Алтынай Жорабаеваның өнердегі әріптестері оны құттықтап, ақжарма тілектерін арнады.
“Ұл тап! Маңдайының бағы бес елі бала болсын! Аман-есен жаның қалсын”, “Шын қуанып, көзіме жас келді өзіңнен алғаш естігенде. Тілекшімін, Алтыным”, “Жаным, Алтыным. Мен бұрын осы күшті жаңалықты естіп қойып едім. Естігенде сен үшін өте қатты қуандым. Аллаға шүкір, аман есен осы сәбіңді дүниеге әкеліп, құшағыңа ал”, “Ин ша Алла Аман-есен босанып алыңыз, жаным, әпкетайым”, “Ұзағынан сүйіндірсін”, “Алла бақытыңды баянды қылсын”, – деп жарыса жазды Света Айтбаева, Жазира Байырбекоа, Тамара Асар, Мәдина Сәдуақасова, Айгүл Елшібаева сынды шоу-бизнес өкілдері.