Қазақстанда «QosLike» және «Қалаулым» телебағдарламаларын жабу туралы петиция жарияланды
Қазақстанда «QosLike» және «Қалаулым» сияқты телебағдарламаларға тыйым салу туралы петиция жарияланды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасаған Altyn-orda.kz .
Петицияда хайп пен бағдарлама рейтингін арттыру үшін қолдан жасалатын жанжалдардың және басқа да келеңсіз әрекеттердің көріністері жиналған жағымсыз эмоцияларды күшейтетіні айтылған.
«Бұл көріністер қазақ отбасының салауатты қарым-қатынасының нормаларына, адамгершілік пен ұлттық құндылықтарға қайшы келеді. Жобаларда тәрбиелік, тағылымды, мағыналық, отансүйгіштік, адамгершілікті арттыратын, игі, жағымды идеялар, мақсаттар мен құралдар жоқ», — делінген хабарламада.
Петиция авторы мұндай шоулардың Түркиядан шыққанын, бірақ ол жақта тыйым салынғанын айтты. Айта кетейік, бұл петицияны бұған дейін де жүздеген қазақстандық қолдаған.
Qoslike – төрт жылдан бері қазақ телевизиясындағы рейтингі жоғары реалити-шоулардың бірі. Жобаның мәні — махаббатпен жұп құру.