«Бүгінгі күннің батыры»: Астанада өрттен үш адамды құтқарып қалған өрт сөндіруші комада жатыр

Кеше Астанада өрттен үш адамды құтқарып қалған өрт сөндіруші қазір комаға жатыр. Оның денесінің 80% пайызын күйік шалған. Бұл туралы Батыржан Ибрагим есімді азамат өзінің фейсбук парақшасында хабарлады, деп жазады «Адырна» ұлттық порталы.

«Дұғада болсаңыздар. Өрттен үш адамды құтқарып, қазір өзі комада жатыр. Денесінің 80% пайызын күйік шалған екен. Қазір жағдайы өте ауыр. Батыр жігіттің есімі Асқар. Өрт сөндіру қызметінде жұмыс істейді. Үйінде келіншегі мен екі кішкентай балапандары барша қазақ елінен тек дұға етіңіздерші деп сұрап отыр. Аман болсыншы. Ол үйдегі өртке жоғарғы қабаттан кіру үшін қорғаныш киімін шешіп, тек дем алу аппаратын ғана алған. Үйден 80 жастағы әжені, 22 жастағы немересін және көрші пәтерде балконға тығылып қалған 10 жасар баланы өрттен аман алып қалған. Асқар бүгінгі күннің батыры. Алладан амандығын сұрайықшы. Қазір келіншегінің қолында Асқардың сағаты ғана қалды. Асқардың өмір сағаты тоқтамасын деп тілейікші. Бәрі жақсы болсын», — деп жазды ол.

Естеріңізге сала кетейік, кеше сағат 10:43-те өрт сөндіру бөлімшесіне Бауыржан Момышұлы даңғылы, 14 мекен-жайындағы 15 қабатты үйдің 11-ші қабатындағы пәтерден өрт шыққаны туралы хабарлама келіп түскен. Алапат өрттен 5 адам, оның ішінде бір бала құтқарылып, 10 адам эвакуацияланды. Көміртегі тотығымен уланған үш адам, оның ішінде бір бала ауруханаға жеткізілді. 

«Адырна» ұлттық порталы 

ТегтерАстанаөрт