Бүркітші қыз Айшолпан мектеп ашуды жоспарлап отыр

Танымал бүркітші қыз Айшолпан Нұрғайыпқызы мектеп ашпақ.

Бұл туралы KAZ.NUR.KZ «Таңшолпан» таңғы ақпаратты-сазды бағдарламасының Youtube арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Бүгінде Айшолпан жоғары оқу орындарының бірінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі мамандығында оқиды. Ол университетті тәмәмдаған соң мамандық бойынша жұмыс істегісі келетінін айтты.

«Бұйырса Ұлан ауданында (Шығыс Қазақстан облысы) мектеп ашайын деп жатырмын. Ол салт-дәстүрді де үйрететін, білім де беретін ұлттық мектеп болады», – деді бүркітші қыз.

Сондай-ақ Айшолпан бір қызды құсбегілікке баулып жатқан көрінеді. «Астана, Өскемен, Көкшетау деген қалаларда өткен көптеген жарысқа бардым. Сол кезде қыздар да келіп қатысты. Қазіргі таңда шәкіртім бар, Ұлан ауданында Айзере деген қызды дайындап жатырмын», – деді ол. Айшолпанның ата-анасы да жақында Моңғолиядан Қазақстанға көшіп келіпті. «Мен 2018 жылы Қазақстанға келдім. Бірақ тек келіп көріп кетем деп ойладым. Кейін осы жақта білім ала бастағаннан кейін Қазақстанға інім мен сіңілім, ата-анам да келсе ғой деп армандадым. Қазір ата-анам Өскемен қаласына көшіп келді. Інім мен сіңілім де келіп, оқуларын жалғастырып жатыр», – деді бүркітші қыз. Еске салайық, жақында құсбегіліктен ересектер арасындағы ХVII Қазақстан чемпионаты өтті. Бұл жарысқа Айшолпан да қатысты.

 

kaz.nur.kz