Енді Сайранда қоқыс тастағандар айыппұл арқалайды

Полиция Сайран көлінде күнделікті рейд жүргізіп, аумақты ластағандар үшін айыппұл салуда
Алматыда Сайран көлінде демалып, артынан қоқыс қалдырған азаматтарға айыппұл салына бастады. Апта басынан бері полиция қызметкерлері күн сайын рейд өткізіп, 20 адамға айыппұл салды. Әрқайсысы 19 500 теңге төлеуі тиіс, деп хабарлайды Altyn-orda.kz КТК арнасына сілтеме жасап.
Демалыс аймағы ресми түрде ашылмаса да, Сайранға күн сайын төрт мыңға дейін адам жиналады. Жағада бөтелкелер, орамалар мен шегесі бар тақтайлар шашылып жатыр, қоқыстың бір бөлігі тіпті суға түсіп кеткен. Алайда аумақта бірде-бір қоғамдық әжетхана жұмыс істемейді, ал уәде етілген абаттандыру жұмыстары кейінге шегерілген.
Қала тұрғындары мен қонақтары көлдің қазіргі жағдайына наразы. Өскемен қаласынан келген Каролина Думиника бұл көрініс қала жайлы әсерін бұзғанын айтты:
«Саябақ әдемі, бірақ қоқыс өте көп. Әсіресе бірінші рет келгендерге бұл өте жағымсыз».
Кейбір тұрғындар жағдайды өздері реттеуге тырысуда. Алматылық жас азамат Құдайберген Сабыр достарымен бірге үнемі аумақты тазалауға шығады. Ол бұл үдерісті видеоға түсіріп, әлеуметтік желіге жүктейді, өзгелерді де тәртіпке шақырады:
«Қоқыс жәшіктері жоқ, тіпті барларын да дұрыс қолданбайды. Бұл – мәдениет мәселесі, ал көп адамдарда ол жоқ».
Оқиғаға Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды да назар аударды. Ол қала қызметтеріне қоқыс шығаруды жедел ұйымдастыруды және көл маңына 130-ға жуық қосымша жәшік орнатуды тапсырды.
«Күн сайын таңертеңнен түнгі екіге дейін полиция патрульдері жұмыс істейді. Бастапқыда түсіндіру жұмыстары жүргізілді, енді айыппұл салу басталды», – деді Алматы қаласы қоғамдық кеңістік даму басқармасының өкілі Маханбет Көкимов.
Санитарлық нормаларды бұзғаны үшін салынатын айыппұл көлемі – 19 500 теңге. Билік өкілдері ескертеді: демалыс аймағы – ортақ кеңістік, ал тазалық ең алдымен келушілердің жауапкершілігіне байланысты.
Altyn-orda.kz
