Астанадан Дубайға бағыт алған ұшақ кері қайтарылды

12 шілде күні Астанадан Дубайға бағыт алған Air Astana әуе компаниясының ұшағы елорда әуежайына қайта оралды деп хабарлайды  Altyn-orda.kz 

Әуе компаниясының мәліметінше, KC205 рейсі Астанадан таңғы сағат 07:10-да ұшып шыққан. Алайда Таяу Шығыстағы қауіпсіздік жағдайының шиеленісуіне және әуе кеңістігінде енгізілген шектеулерге байланысты ұшақты кері қайтару туралы шешім қабылданды.

Сонымен қатар, 12 шілде күні сағат 08:50-де ұшуы тиіс болған Алматы – Дубай бағытындағы KC897 рейсі де тоқтатылды.

Air Astana өкілдері тоқтатылған рейстердің жолаушыларына билет құны сатып алынған жері бойынша толық қайтарылатынын хабарлады. Ал рейстер кестесіндегі алдағы өзгерістер туралы қосымша ақпарат кейінірек жарияланады.

Әуе компаниясы қабылданған шешім жолаушылар мен экипаж мүшелерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жасалғанын атап өтті.