Қазақстан Ресейдің үш өңірінде мектеп салады

Қазақстан Ресей аумағында үш мектеп салу жобасын жүзеге асыруға дайындалып жатыр. Бұл туралы бұған дейін Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мәлімдеген еді  деп хабарлайды Altyn-orda.kz

Аталған жоба Ресей тарапының Қазақстанның Түркістан, Қызылорда және Жамбыл облыстарында үш мектеп салу бастамасына жауап ретінде қолға алынбақ.

Қазақстандық мектептер Орынбор облысында, Омбы және Астрахан қалаларында бой көтереді деп жоспарланған.

Соңғы ресми мәлімет бойынша, Орынбор облысындағы жер телімі келісілген.

Ал Омбы мен Астрахан бойынша қажетті рәсімдер әлі жалғасып жатыр.

Барлық келісім аяқталғаннан кейін тараптар тиісті құжаттарға бір мезгілде қол қоюды жоспарлап отыр.

Серік Жұманғариннің айтуынша, жаңа мектептерде білім беру қазақ және орыс тілдерінде жүргізіледі.

Әр нысанның құрылысы шамамен бір жылдан бір жарым жылға дейін созылуы мүмкін.

Бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мұндай жобалар Қазақстан мен Ресей арасындағы гуманитарлық байланысты нығайтуға бағытталғанын айтқан болатын.