Тәжікстанда сақал қойғандармен оранғандарға бақылау күшейді

Тәжікстанда ұлттық мәдениетті қорғау және діни экстремизмнің алдын алу деген желеумен азаматтардың сыртқы келбетіне бақылау күшейіп жатыр, деп хабарлайды Altyn-Orda.kz.
Жергілікті тұрғындардың айтуынша, сақал қойған ер адамдар полиция тексеруіне ұшырап, кей жағдайда күштеп қырынуға мәжбүр болады.
Бохтар қаласының 38 жастағы тұрғыны сақалы үшін үш тәулік қамауда отырып, 180 сомони айыппұл төлегенін айтқан. Оған апта сайын полицияға қырынғанын дәлелдейтін сурет жіберу міндеттелген.
Қысым әйелдерге де қатысты. Кейбір мемлекеттік мекемелерде және емханаларда әйелдерден орамалды мойны мен иегін ашық қалдырып тағу талап етіледі.
Бұл шаралар 2024 жылы қабылданған, «тәжік мәдениетіне жат киімдерге» тыйым салатын заңмен байланысты. Халықаралық ұйымдар Тәжікстан билігінің діни киім мен сыртқы келбетке қатысты саясатын сынға алып келеді.










