Алматы тұрғыны мүгедектігі бар қызының зорланғанын мәлімдеді- Полиция қылмыстық іс қозғағанымен құқық бұзушылық құрамы жоқ деген негізбен іс тоқтатқан

Алматы тұрғыны ақыл-ойында бұзылысы және эпилепсиясы бар 26 жастағы қызының зорланғанын айтып, әділ тергеу жүргізуді талап етті, деп хабарлайды   КТК   телеарнасына сілтеме жасаған Altyn-Orda.kz.

Анасының сөзінше, Анель интернет арқылы 23 жастағы ер адаммен танысқан. Күдікті оған такси шақырып, жалдамалы пәтерге апарған. Қыздың айтуынша, ер адам есікті құлыптап, телефонын өшіріп, күш қолданған. Артынан үйіне таксимен салып жіберген.

Анасы қызын дәрігерге апарғанын, медициналық тексеру зорлық белгілерін анықтағанын және оған операция жасалғанын мәлімдеді.

Күдіктінің туыстары істі өзара келісіммен шешіп, жастарды үйлендіруді және ақша ұсынған, алайда әйел бұған келіспеген.

Полиция қылмыстық іс қозғағанымен, үш айдан кейін құқық бұзушылық құрамы жоқ деген негізбен тергеуді тоқтатқан. Алматы полициясы бұл шешімді аудан прокуратурасы заңды деп танығанын хабарлады.

Заңгерлер зардап шеккен тарапқа тергеуші мен прокурордың шешіміне мамандандырылған сот арқылы шағымдануға кеңес берді. Қыздың анасы істі сотқа дейін жеткізуге ниетті.