Ресейлік әнші Владимир Пресняковтың Астанада 13 қарашаға жоспарланған концерті өтпейтін болды. Бұл туралы іс-шараны ұйымдастырушылар әлеуметтік желіде хабарлады, деп жазады Altyn-Orda.kz.
Ұйымдастырушылардың мәлімдеуінше, концерттің тоқтатылуына техникалық жағдайлар себеп болған.
«Владимир Пресняковтың Астанадағы концерті бұған дейін жоспарланған күні туындаған техникалық жағдайларға байланысты өтпейді. Болашақта бұл іс-шараға қайта оралып, көрермендерімізге әртіспен көптен күткен кездесуді ұйымдастыруға мүмкіндік болады деп үміттенеміз», – делінген ұйымдастырушылардың хабарламасында.
Олар көрермендерден қолайсыздықтар үшін кешірім сұрап, әншінің жанкүйерлеріне түсіністік танытқаны үшін алғыс білдірді. Әзірге Астанадағы концерттің жаңа күні жарияланған жоқ.
Сонымен қатар ұйымдастырушылар Владимир Пресняковтың Алматыдағы концерті жоспар бойынша өтетінін мәлімдеді. Әнші 14 қарашада Республика сарайында өнер көрсетеді.
Айта кетейік, Владимир Пресняков – «Странник», «Зурбаган» және «Стюардесса по имени Жанна» әндерімен танымал ресейлік эстрада орындаушысы.

