Қазақстан мен Өзбекстан шекарасында жаңа теміржол бекеті салынып жатыр

 

Фото: Integra компаниясының баспасөз қызметі

Қазақстан мен Өзбекстан шекарасында жаңа теміржол бекетінің құрылысы жүріп жатыр. Жаңа нысан «Ердәуіт» станциясы деп аталады деп хабарлайды Altyn-orda.kz

Ол «Дарбаза – Мақтаарал – Өзбекстан мемлекеттік шекарасы» бағытындағы маңызды инфрақұрылымдық тораптардың бірі болмақ.

Бұл жоба Түркістан облысының оңтүстік аудандары үшін үлкен мүмкіндік ашады.

Жаңа теміржол желісі өңірді халықаралық көлік дәліздерімен тікелей байланыстырып, жүк тасымалын жылдамдатуға көмектеседі.

Сонымен бірге қазіргі Сарыағаш – Ташкент бағытына түсетін салмақ азаяды, ал Қазақстанның Өзбекстанға және одан әрі басқа елдерге экспорттық әлеуеті артады.

Қазір станция аумағында теміржол төсемін салу, инженерлік және өндірістік инфрақұрылымды дайындау жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Жалпы Дарбаза – Мақтаарал жобасы Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы көлік байланысын күшейтіп қана қоймай, Түркістан облысының экономикалық дамуына да серпін береді.

Жаңа теміржол бекеті іске қосылғаннан кейін шекара маңындағы сауда, логистика және транзит көлемі артып, аймақта жаңа жұмыс орындарының ашылуына жол ашылады.

Бұл — Қазақстанның көлік хабына айналу бағытындағы тағы бір нақты қадамы.