TikTok әлеуметтік желісінде лайк пен донат үшін шектен шыққан тоғыз стример жауапқа тартылды

Қазақстанда TikTok әлеуметтік желісінде балағат сөз айтып, адамдарды қорлаған және қауіпті қойылымдар ұйымдастырған тоғыз контент авторы әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, блогерлер тікелей эфир кезінде көрілім, лайк және донат жинау мақсатында қоғамдық тәртіпке қайшы әрекеттер жасаған. Олардың арасында әдепсіз сөздер айтқандар, төбелес ұйымдастырғандар және адам ұрлау көрінісін қойғандар бар.

Астанада TikTok-та «Бауырсақ» деген атпен танылған 37 жастағы Индира Ештаева тікелей эфирде балағат сөздер айтып, заңға қайшы контент таратқаны үшін айыппұл арқалады.

Алматы тұрғыны, 32 жастағы Ақтөре Батырбек эфир барысында айналасындағы адамдарды қорлап, бейәдеп сөздер қолданған. Сот шешімімен ол бес тәулікке әкімшілік қамауға алынды.

Шымкентте 20 жастағы Данияр Сейдалиев электрошокер қолданып, адам ұрлау көрінісін әдейі ұйымдастырған. Қауіпті пранк кезінде ол балағат сөздер айтып, қоғамдық тәртіпті өрескел бұзған. Нәтижесінде сегіз тәулікке қамалды.

Жамбыл облысында «Алтын қыз» лақап атымен эфир жүргізген 41 жастағы Лайло Қасымоваға да айыппұл салынды. Сонымен қатар донат жинау үшін тікелей эфирде бір-біріне әдейі дене жарақатын салған Жарқынай Байбек пен Асылжан Танаберганов жауапқа тартылды.

ІІМ өкілдері анонимді парақшаның артында жасырыну жауапкершіліктен құтқармайтынын ескертті. Полицияның мәлімдеуінше, интернетте дөрекілік, зорлық-зомбылық пен әдепсіз әрекеттер арқылы танымал болуға тырысатындарға қатысты шаралар жалғаса береді.

АЛТЫНОРДА